Қызылқайың ата-баба қонысым Жау осалды алмақты Қазаққа қолды салмақты Батыр да туған бабалар Жаусатып салды қалмақты Үйреткен асау жабыны Тақымдап талмай ырғытып Жүгірткен судай жорғаны Тайпалап майдай сырғытып Жаратып мініп сәйгүлік Жебелей қуды жауларын Келместей қылып мәңгілік Асырды Сәуір тауларын Желтоқсан қаңтар айында Суытар ауа райыңда Қомағай шортан қабады Қарайтын жемін дайында Қара кезең өр жатқан Бораннан басу көрмейтін Тайғанақ мұзы бар қатқан Қысында асу бермейтін Ақпанда сары аязда Басылар ұшып бу болып Көктемде қар да азая Ағылар еріп су болып Жауқазын гүлдеп бөктерде Жетіпті келіп көктемде Наурызды тойлап ағайын Салауат айтты өткенге Ұшады әсем көбелек Қанаты талмай себелеп Күн жылына тірілді Инелік пен бөгелек Шүкібайдың шатқалы Бүршік атты жас талы Жабайы рауғаш көп мұнда Жапырағы үлкен аспалы Қой бүлдірген қызылқат Құмардан шық дәмін тат Қара жидек шипалы Бойға берген күш қуат Байбол атам қонысы Сазы менен Қобысы Жұпар иісті шөбіне Қазы шыққан торысы Қызылқайың даласы Қос жотаның саласы Қайқысары Тайпаң мен Тау атаңның сарасы Пісіпті сары жоңышқа Ат семірер зорықса Зеңгі баба тұқымы Бойлап кетер қорысқа Күндіз күнге пысынап Қойлар қайтар өрістен Түнде күйсеп пырсылдап Асын қортар бөріткен Қайыңы бүрлі қызылдан Қарақат мойыл ызылған Сүзілген мұздай бастауы Жартасты жарып сызылған Шайқалтып суын жел ескен Шетінде балдыр шөп өскен Гүрілдек толып сазанға Шабақпен сансыз теңескен Табиғат жердің панасы Кімнің бар оған таласы Шалқар менен Қоржынкөл Жаратқан егіз баласы Садыркөл көздің қарасы Төртқара көлдің шарасы Айдыны тұнған мөлдіреп Аршалы белдің арасы Жапалақтың сайымен Шапқан жолдың ойымен Қалың ел жайлау асады Аққолқаның бойымен Бұлтта төнді түйіліп Дауыл соқты үйіріп Жауған жауын астында Құстар қалды бұйығып Түріліп бұлттың көрпесі Жарқ етті күн де ертесі Көзіме оттай басылды Әкемнің туған өлкесі Барғанда ата қонысқа Сейіліп біраз қаламын Көңілім әсте торықса Суына сүңгіп аламын Толса да ақыл санамыз Анаға әлі баламыз Келін боп түскен бұл жерге Жасында біздің анамыз 05.03.2013 С.Байжуменов

Теги:

Теги других блогов: